Ұлытау ауданында облыстық ҚДБ «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Жаңа белесті бағындыру – жастардың қолында!» облыстық жастар форумы өтті.
Форумға Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларынан, сондай-ақ Жаңаарқа және Ұлытау аудандарынан келген 80-ге жуық белсенді жастар жиналды. Әр өңірдің өкілдері жастар қозғалысының өзіндік көзқарасын, жергілікті деңгейде жүзеге асырылып жатқан бастамалары мен жұмыс бағыттарын таныстырды.
Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймульдинов, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмат Сакипов, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев, сондай-ақ облыстық «Ассамблея жастарының» мүшелері қатысты.
Шара жастардың өзара танысуына, тәжірибе алмасуына, ортақ идеяларды талқылауына және әр аймақтағы жастар өмірімен жақынырақ танысуына мүмкіндік берді. Форум аясында қатысушылар бір-бірімен еркін пікір алмасып, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға жол ашты.
Кездесу аясында «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы — Тимур Ғабдулұлы интерактивті тренинг өткізіп, қатысушылар жастар саясатын дамыту, жас көшбасшылардың қоғамдағы рөлі және өңірдегі жаңа бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Алмасұлы Әзілхановтың атынан Ұлытау облысының «Ассамблея жастары» белсенділеріне алғыс хаттардың табысталуы форумның маңызды сәттерінің біріне айналды.
Аталмыш кездесу өңірдегі жастардың өзара ынтымақтастығын арттырып, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз болатын маңызды бастама болды.