01info.kz- ақпараттық портал

Қазақстан мен Кения: Африка мен Орталық Азия арасындағы жаңа экономикалық көпір

фото: Ақорда
0 24

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кения Президенті Уильям Рутоның кездесуі екі ел арасындағы саяси және экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтерді. Мемлекет басшылары көптеген бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге және жаңа серіктестік көпірлерін орнатуға ниетті екендіктерін растады. Іскерлік байланыстарды жандандыру мақсатында тараптар «Қазақстан – Кения» іскерлік кеңесін құру, компаниялардың бизнес-миссияларын тұрақты ұйымдастыру және Кенияда Қазақстанның Құрметті консулын тағайындау туралы бастама көтерді. Бұл қадамдар болашақта үкіметаралық комиссия құруға берік негіз болмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасының орнықты дамуын (өсім динамикасы – 6,5%) атап өтіп, кениялық кәсіпкерлерді салықтық және миграциялық жеңілдіктер беретін «Altyn Visa» бірегей бағдарламасын пайдалануға шақырды.

Ынтымақтастықтың ең негізгі бағыты ретінде көлік-логистика саласы айқындалды. Қазақстан Еуразияның басты хабы ретінде «Орта дәлізді» белсенді дамытып жатса, Кения – Шығыс Африка нарығына шығатын негізгі логистикалық қақпа саналады. Екі ел Қазақстанды Кенияның Момбаса және Ламу порттарымен байланыстыруға, Астанада кениялық тауарларға арналған логистикалық хаб салуға және Астана мен Найроби арасында тікелей әуе рейстерін ашуға уағдаласты. Бұдан бөлек, Қазақстан Кенияға бидай экспорттауға, ал Кенияның әйгілі шәйі, кофесі мен гүлдері үшін елімізде арнайы сауда хабын ашуға қос тарап та мүдделілік танытты.

Сонымен қатар, тау-кен өнеркәсібінде «Самұрық-Қазына» мен кениялық NAMICO компаниясы арасында жер қойнауын барлау мен өндіруге қатысты маңызды келісім жасалды. Сандық технологиялар бағытында Қазақстан өзінің GovTech және FinTech саласындағы озық тәжірибесімен, электрондық үкімет шешімдерімен бөлісуге әзірлігін білдіріп, ғарыш технологиясы мен жасанды интеллект бағытында меморандумдарға қол қойды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Найроби қаржы орталығы арасында әріптестік орнап, «шытырман оқиғалы» туризмді бірлесе дамыту көзделуде. Кения Президенті Уильям Руто екі елдің әлеуетін біріктіру арқылы Африка мен Орталық Азия арасында тиімді экономикалық ықпалдастық орнайтынына сенім білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.