Тараз қаласында Республикалық Аналар кеңесінің «Аналар кеңесі: саналы қоғам қалыптастырудағы ананың рөлі» атты халықаралық форумы ел болашағы мен ұлт тәрбиесіне бейжай қарамайтын зиялы қауымның басын қосқан ауқымды оқиғаға айналды. Еліміздің барлық өңірлерінен жиналған Аналар кеңесінің төрағалары мен белсенділері, сондай-ақ Түркия, Қырғызстаннан келген мәртебелі делегациялар, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысқан бұл басқосудың негізгі мақсаты — отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдағы ананың жауапкершілігін арттыру болды.
Форумды Республикалық Аналар кеңсінің төрағасы Нәзипа Шанаи жүргізіп, ананы тіршіліктің бастауы, мейірімнің шуағы, тәрбиенің алтын діңгегі деп бағалап, бүгінгі таңда саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы аналардың еңбегі өлшеусіз екенін жеткізді. Жиында сөз алған Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Кәлендеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аналардың қоғамдағы орнына әрдайым ерекше мән беретінін атап өтіп, биыл 15 наурызда өткен референдум ел болашағын айқындаған маңызды саяси қадам болғанына тоқталып, осы кезеңде халықтың ел дамуына қатысты маңызды мәселелер бойынша өз таңдауларын жасап, жоғары азаматтық белсенділік танытқанын, бұл ретте республика бойынша Аналар кеңестерінің де қоғамдық-саяси үдерістерге белсене араласқанын ерекше атап өтті. Шара барысында халықаралық деңгейдегі сарапшылар — Түркияның Мугла Сыткы Кочман университетінің профессоры Еке Учан Нагехан, Қырғызстаннан келген Юлия Денисенко, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері Шолпан Каринова мен Айгерім Сәрсенбаева отбасылық-демографиялық саясат төңірегінде маңызды баяндамалар жасады. Ауқымды форум аясында «Талбесік» этноорталығында Атырау, Алматы, Жетісу, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарының Аналар кеңестері отбасы тәрбиесі мен әлеуметтік қауіптердің алдын алу бойынша тәжірибе алмасса, делегация қонақтары Қарахан, Айша бибі кесенелеріне зиярат етіп, «Анаға тағзым» орталығымен танысып, А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының «Ғашықсыз ғасыр» қойылымын тамашалады.
Еки күнге созылған мазмұнды да тағылымды халықаралық форумның ең салтанатты әрі күткен сәті қорытынды марапаттау рәсімі болды, онда қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүріп, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан абзал жандардың еңбегі еленіп, елдің ықыласына бөленген Ұлжалғас Бурасанқызы Дюсебаева мәртебелі «Ел анасы» номинациясын иеленсе (Республикалық Аналар кеңесінің бұл номинациясы бесінші рет беріліп отыр), мейірім мен ізгіліктің нышанындай болған Меруерт Лештаева «Аялы алақан» номинациясымен марапатталып, жиналған қауымның ерекше ықыласы мен құрметіне бөленді.