«Нұр-Ана әлемі» ҚБ 35 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясында Шарбақты ауданында Аққұлы, Ертіс, Павлодар, Успен және Шарбақты аудандары өкілдерінің қатысуымен «Әже мен немере» байқауы өтті.
Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары Мақсұт Жиенбаев жиналғандарды құттықтап, жерлестеріне аудан әкімінің Грамоталарын табыс етті.
Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің және «Нұр-Ана әлемі» ҚБ төрағасы Бақытжамал Максилова бірлестік белсенділеріне мерейтойлық медальдар мен алғыс хаттар табыстады. Марапатталғандар ішінде ұлттық және отбасылық құндылықтарды, қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін жаңғыртуға және насихаттауға елеулі үлес қосқан аналар бар.
Қазақтың қонақжайлылығы мен аға және кіші ұрпақ арасындағы отбасылық өмірдің сабақтастығын көрсеткен «Келін шайы» әнінің қойылымы шараның сәнін келтірді. Байқауда әрбір әже мен немере жұбы өздерінің отбасылық тарихын проза мен поэзия, сахналық келбеті мен көркемдік шеберлігі арқылы көрсетуге тырысып, көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырды. Әрбір қойылымнан мұраға құрмет, отбасылық жылулық және қарым-қатынастың шынайылығы айқын көрінді.
Байқау нәтижесінде қатысушыларға l, ll, lll дәрежелі дипломдар, сондай-ақ алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Іс-шара ұрпақтар сабақтастығын және бүгінде қалыптасып жатқан республикамыздың болашағын жарқын етуде маңызды рөл атқаратын «Таза Қазақстан» науқаны аясында ағаш отырғызумен аяқталды.