«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Қызылорда облыстық Ассамблея жастарының белсенді қатысуымен тазалық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Манзура Абдугафарованың үйіндегі аулада өтті.
Шараның басты ерекшелігі – тәжірибе мен тағылымның ұштасуында. М.Абдугафарова жастарға жүзім шаруашылығының қыр-сырын тәжірибе жүзінде көрсетіп, бау-бақша күтімінің маңызды кезеңдерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Атап айтқанда, өсіп тұрған жүзім бұтақтарын алдын ала бір апта көлемінде суға салып, тамырландыру тәсілін көрсетіп, бүгін сол көшеттерді жерге егу жұмыстарын жүргізді.
Акцияда 50-ге жуық жүзім көшеті мен аула гүлдерін отырғызу, оларды күтіп-баптау жолдары кеңінен түсіндірілді. Қатысушы жастар тек теориялық мәлімет алып қана қоймай, өз қолдарымен еңбек етіп, бау-бақша шаруашылығына деген қызығушылықтарын арттырды.
Мұндай тағылымды шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, жастарды еңбекқорлыққа, табиғатты аялауға баулиды. Өз кезегінде қатысушылар М.Абдугафароваға алғыстарын білдіріп, алған тәжірибелерінің алдағы уақытта өз жемісін беретініне сенім білдірді.