01info.kz- ақпараттық портал

Жетісу облысының транзиттік әлеуеті: «Қорғас» бен «Достық» тораптары қарқынды дамуда

фото: Жетісу обл әкімдігі ресми сайты
0 20

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында өңірдің ірі логистикалық және экономикалық тораптарындағы жетістіктер туралы мәлімдеді, деп хабарлайды 01info.kz

«Қорғас» арнайы экономикалық аймағында бүгінде 32 жоба іске асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Негізгі жобалардың ішінде KTZE – Khorgos Gateway құрғақ портындағы кеңейту жұмыстары аяқталып, терминалдың өткізу қабілеті жылына 800 мың контейнерге дейін артты. Сондай-ақ мұнда күн панельдерін өндіретін «Miami Solar» және металл конструкцияларын шығаратын «Standart Steel KZ» зауыттары жұмыс істейді. Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта тағы 32 жоба, оның ішінде «ENVISION» жел қондырғылары, MacCoffee сусындар зауыты және «SkyHansa» халықаралық әуежайының құрылысы жүзеге асырылу үстінде.

«Қорғас» ШЫХА-ның жұмысын тиімділігін арттыру аясында жаңғырту жүргізіліп, екінші багаж терминалы іске қосылды және Face ID жүйесі енгізілді. Соның нәтижесінде орталыққа келушілер саны тәулігіне 2 есеге, яғни 5 мың адамға дейін артқан. Қаржылық көрсеткіштер де айтарлықтай өскен: 2024 жылдың қорытындысы бойынша төленген салық пен кедендік төлемдер көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 46 есе көп болды.

«Нұр жолы» өткізу бекетінің өткізу қабілетін арттыру үшін ірі көлемді көліктерге арналған 2,4 шақырымдық айналма жолдың құрылысы аяқталды, бұл бекеттің өткізу қабілетін 30–40%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» бағытындағы екінші теміржол желісінің құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Достық торабына келсек, Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын жаңғырту аяқталды, бұл жолаушылар және жүк әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Алакөл» жаңа автомобиль кеден бекеті ашылып, өткізу қабілеті 5 есе артты. «Достық–Мойынты» учаскесінде екінші теміржол жолдарының құрылысы аяқталып, Достық станциясында жылына 350 мың теміржол контейнерін өткізуге мүмкіндік беретін екі көпфункционалды жүк ауыстырып тиеу терминалы салынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.