Қарағанды облысының Достық үйінде «Диалог, сенім және медиация: Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының құндылықтарын іске асыру» тақырыбында облыстық Медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Қазақстан медиаторлары күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға мемлекеттік органдардың, сот жүйесінің, ғылыми қауымдастықтың, кәсіби медиаторлардың, азаматтық қоғам институттарының өкілдері және Медиация кеңесінің мүшелері қатысты. Жиында қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, медиация мен этномедиацияны дамыту, жанжалдардың алдын алу, сондай-ақ этносаралық бірлік пен қоғамдық тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланды.
Жиынды Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов ашып, жаңа Конституция әділеттілік, заң үстемдігі, өзара құрмет және қоғамдық келісім қағидаттарын нығайтқанын атап өтті. Оның айтуынша, медиация – осы құндылықтарды іс жүзінде жүзеге асыратын тиімді тетік.
Іс-шарада «Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігінің президенті, кәсіби тренер-медиатор Света Шардарбекова медиация институтының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары туралы баяндама жасады.
Қарағанды облыстық сотының апелляциялық сатысының судьясы Динара Мутубаева отбасылық дауларды шешудің заманауи тәсілдері мен сот тәжірибесінде медиацияны қолданудың маңыздылығына тоқталды.
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Анжела Инжиголян әлеуметтік және этносаралық жанжалдардың алдын алудағы медиацияның рөліне назар аударып, қоғамда диалог мәдениеті мен өзара құрмет құндылықтарын қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Отырыс барысында медиация институтын жетілдіру, этномедиацияны дамыту, құқықтық мәдениетті арттыру және этносаралық қатынастарда медиативтік тәсілдерді кеңінен қолдану мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
Іс-шара соңында медиация институтын дамытуға, этносаралық келісімді нығайтуға және қоғамдық тұрақтылықты сақтауға үлес қосқан азаматтарға алғыс хаттар табысталды.