01info.kz- ақпараттық портал

ШЫМКЕНТТЕ МЕДИАЦИЯ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

0 128

Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Медиация кеңесінің ұйымдастыруымен тұрғындарға құқықтық қолдау көрсетуге бағытталған Ашық есік күні өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, медиация институтының қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттау және дау-дамайларды өзара келісім арқылы шешу мәдениетін қалыптастыру.

Ашық қабылдау барысында Медиация кеңесінің мүшелері мен кәсіби медиаторлар азаматтардың құқықтық мәселелеріне қатысты жан-жақты кеңес беріп, медиация рәсімінің ерекшеліктері мен артықшылықтарын түсіндірді. Сонымен қатар тұрмыстық, отбасылық және азаматтық-құқықтық сипаттағы дауларды сотқа дейін жеткізбей, тараптардың өзара келісімі арқылы шешудің тиімді жолдары туралы ақпарат ұсынылды.

Мамандар медиацияның уақыт пен қаржыны үнемдеуге, тараптар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді сақтауға мүмкіндік беретін тиімді құқықтық тетік екенін атап өтті. Мұндай кездесулер қоғамда келісім мәдениетін қалыптастыруға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.

Іс-шара соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша кәсіби құқықтық кеңес алып, нақты сұрақтарына жауап алды. Ашық есік күні халық пен медиаторлар арасындағы ашық диалог алаңына айналып, медиация институтына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.