Қызылорда қаласындағы Достық үйінде «Қазақстандағы кәрістер қауымдастығы» Қызылорда облыстық филиалының мүшелерімен Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерді және «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын түсіндіруге арналған кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – конституциялық реформалардың мазмұнын түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңнамалық өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат беру.
Кездесу барысында «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ директоры Бақытжан Камалов Конституцияға енгізілген өзгерістердің негізгі бағыттарына тоқталып, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі, заң үстемдігін нығайтудағы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының рөлін арттырудағы маңызын атап өтті.
Сонымен қатар қатысушыларға «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі нормалары түсіндірілді. Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу тәртібі, қолданыстағы заңнама талаптары және оларды іс жүзінде қолдану ерекшеліктері жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, заңнамалық өзгерістерге қатысты түсіндірулер алды.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, қоғамның құқықтық сауаттылығын нығайтуға және мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын кеңінен насихаттауға ықпал етеді.