«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығының ғалымдары Ресей мемлекеттік кітапханасынан XVII ғасырға жататын сирек қолжазбаны тапты. Мәскеуге ұйымдастырылған ғылыми экспедиция барысында анықталған бұл еңбек «Хужжат әз-Закирин ли-радд әл-Мункирин» («Зікірді терістеушілерге қарсы зікір етушілердің дәлелі») деп аталады. Бұхара қаласында жазылған бұл туынды – Ясауи мектебінің тарихын танытатын маңызды жазба дереккөздердің бірі.
Аталмыш қолжазбада сопылық ілім, жария зікір дәстүрі, рухани сабақтастық мәселелері және Қожа Ахмет Ясауиден, Хакім ата мен Зеңгі атадан бастау алып, тариқаттың кейінгі өкілдеріне дейін жалғасқан рухани шежіре туралы құнды мәліметтер қамтылған. Бұл зерттеу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жан-жақты зерделеу және кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасы мен Үкімет бекіткен Ясауитану саласын дамыту жоспары аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта мамандар қолжазбаның ғылыми сипаттамасын әзірлеп жатыр, алдағы уақытта мәтінтанулық талдау жүргізіліп, зерттеу нәтижелері ғылыми айналымға енгізіледі.