Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында өткен беделді 67-ші Халықаралық математика олимпиадасының (IMO-2026) жүлдегерлері Алматы халықаралық әуежайында салтанатты түрде елге оралды.
Жас математиктерді әуежайда ата-аналары, жақындары, достары, ұстаздары және білім саласының өкілдері ыстық ықыласпен қарсы алды. Салтанатты рәсім барысында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Давлет Оқу-ағарту министрінің Алғыс хаттарын табыстап, министрдің құттықтау сәлемін жеткізді.
Әлемнің 117 елінен 700-ге жуық үздік жас математик бас қосқан бұл байқауда Қазақстан құрамасы 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, ел қоржынын тағы бір жарқын жеңіспен толықтырды. Биылғы додада жүлделі орын алғандар қатарында Алматы қаласындағы «Haileybury Almaty» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Тимур Мұрат, Алматы қаласындағы «NURORDA» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Әли Еркебұланұлы, Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Батырхан Бейғанов, Алматы қаласындағы «NURORDA» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Ерасыл Алтынбек, Астана қаласындағы Spectrum халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Марғұлан Шарел және «Haileybury Almaty» мектебінің 12-сынып оқушысы Амирлан Аманжолов бар.
Ал құраманы жарысқа Асылбек Әбдіәшімұлы Исахов пен Қанат Қайратұлы Сатылханов жетекшілік етіп апарды. Әлемдегі ең күрделі зияткерлік жарыстардың бірі саналатын Халықаралық математика олимпиадасындағы бұл жетістік қазақстандық оқушылардың жоғары дайындық деңгейі мен халықаралық білім кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Дереккөз: ОАМ