Еліміздің барлық өңірінен келген 300-ге жуық педагог «Негізгі және жалпы орта білім беру: сапалы өзгерістер және кәсіби даму» атты республикалық жазғы сессия аясында ұйымдастырылған практикалық воркшоптарға қатысты.
Ауқымды шара барысында ұстаздар алдағы 2026-2027 оқу жылындағы маңызды өзгерістерді жан-жақты талқылады. Алғашқы воркшопта қатысушылар 14 пәндік топқа бөлініп, жетілдірілген үлгілік оқу бағдарламаларының ерекшеліктерін, оқу мақсаттарындағы өзгерістерді және оқу процесін жоспарлау жолдарын қарастырды.
Ал 16 бағыт бойынша ұйымдастырылған екінші воркшопта «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарын пән мазмұнына кіріктіру тетіктері, тиімді оқыту тәсілдері, қалыптастырушы бағалау құралдары мен білім беру үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері бойынша практикалық жұмыстар жүргізілді.
Сонымен қатар пәндік топтармен қатар мектеп директорларының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен педагог-психологтерге арналған арнайы алаңдар жұмыс істеп, онда инклюзивті білім беру, тәрбие бағдарламасының жаңа оқу жылындағы басымдықтары және «Жеке қауіпсіздік» курсы аясындағы нақты кейстер талқыланды.
Бұл шара педагогтерге оқу бағдарламаларын әзірлеушілермен, тәжірибелі мұғалімдермен және сала сарапшыларымен тікелей пікір алмасып, жаңа оқу жылындағы өзгерістерді мектеп тәжірибесіне енгізудің нақты жолдарын айқындауға мүмкіндік берді.
Дереккөз: ОАМ