01info.kz- ақпараттық портал

Қазақстандағы ағза трансплантациясы: 4 мыңнан астам адам үмітпен күтіп жүр

картина ЖИ
0 22

Қазақстанда қазіргі таңда 4 739 адам ағза трансплантациясын күтуде, оның ішінде 125 бала бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ДСМ Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Ситказинов мәлімдеді.

Оның айтуынша, күту тізіміндегі азаматтардың басым бөлігіне бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе қажет. Атап айтқанда, тізімдегілердің шамамен 80%-ын бүйрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысындағы, гемодиализ қабылдап жүрген науқастар құрайды.

Сонымен қатар елімізде әрбір азамат мәйіттік донорлыққа қатысты өз шешімін eGov порталы арқылы тіркей алады. 2023 жылдан бері қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына келісім берген азаматтардың саны біртіндеп артып келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы мұндай азаматтардың саны шамамен 4 800 болса, 2026 жылдың алты айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 16 101 адамға жеткен. Ал донорлықтан бас тарту жағдайлары 33 мыңнан 156 мыңға дейін артқан. Спикер ағза донорлығына қатысты шешімді әрбір азамат өз еркімен қабылдайтынын ерекше атап өтті.

Трансплантаттау қызметінің нәтижелері де жақсарып келеді: 2025 жылы қайтыс болғаннан кейінгі донордан 68 трансплантаттау жасалса, 242 туыстық трансплантаттау орындалды. Ал 2026 жылы 6 айдың қорытындысы бойынша қайтыс болғаннан кейін 8 донор тіркеліп, 30 трансплантатау және тірі донорлардың қатысуымен 121 трансплантаттау жасалды.

Дереккөз: https://t.me/ortcom_kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.