01info.kz- ақпараттық портал

«АБАЙ ІЛІМІ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЖАСТАР»: ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ МҰРАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0 170

Семей қаласындағы «Шәкәрім университеті» КеАҚ базасында «Абай ілімі және қазіргі жастар» тақырыбында пікірталас алаңы өтті.

Іс-шараға жастар, студенттер, қоғам қайраткерлері, білім және мәдениет саласының өкілдері, қоғамдық институттар мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері, шығармашылық зиялы қауым және өңірдің белсенді жастары қатысты.

Пікірталас алаңының негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлының философиялық көзқарастары мен рухани мұрасын жан-жақты зерделеп, оның қазіргі жастардың дүниетанымын қалыптастырудағы, адамгершілік құндылықтарын нығайтудағы және ұлттық сананы дамытудағы маңызын кеңінен талқылау.

TED форматында ұйымдастырылған кездесуде қатысушылар «Абайдың “Толық адам” ілімі – қазіргі жастардың рухани бағдары», «Абай мұрасы – ұлттық құндылықтардың қайнар көзі», «Абайдың “Қара сөздерінің” қазіргі қоғамдағы маңызы» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасап, ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасына тың көзқарастарын ұсынды.

Ашық пікір алмасу барысында Абай идеяларының бүгінгі қоғамдағы өзектілігі, оның шығармаларының тұлға тәрбиесіндегі, сыни ойлау мәдениетін қалыптастырудағы және жауапты азамат тәрбиелеудегі рөлі жан-жақты сөз болды. Әсіресе, білімге ұмтылу, адал еңбек, адамгершілік пен рухани кемелденуді негізге алатын «Толық адам» тұжырымдамасының қазіргі жастар үшін маңызы ерекше аталып өтті.

Кездесу аясындағы көркемдік бағдарламада Абайдың әндері шырқалып, ақынның өлеңдері мәнерлеп оқылды. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық күйлері мен музыкалық шығармалары орындалып, қатысушыларға рухани әсер сыйлады.

Пікірталас алаңы жастардың ұлттық рухани мұраға деген қызығушылығын арттырып, еркін әрі мазмұнды ой алмасу алаңына айналды. Іс-шара барысында Абай мұрасының уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай, өскелең ұрпақты білімге, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және елдік құндылықтарды құрметтеуге үндейтін өміршең тағылым екені ерекше атап өтілді.

Абай Құнанбайұлының бай мұрасы бүгінде де ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, ұлттық бірегейлікті сақтауға және жастардың рухани-адамгершілік тұрғыдан кемелденуіне қызмет етіп келеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.