01info.kz- ақпараттық портал

ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА ЭТНОКІТАПХАНА АШЫЛДЫ

0 209

Жетісу облысында «Әлем халықтарының әдебиеті – бір кітапханада» атты Этнокітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жоба рухани құндылықтарды дәріптеуге, кітап оқу мәдениетін дамытуға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған.

Іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Игенбай Айдос Назкенұлы, Жетісу облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Келемсейіт Ермек Әбілмәжінұлы, Жетісу облыстық Журналистер клубының төрағасы, Медиация кеңесінің мүшесі Атсалим Идигов және Жетісу облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Тұрсынбай Ғабит Тұрсынбайұлы қатысты.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Айдос Игенбай кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – қазіргі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Ол Этнокітапхананың ашылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған бастамасының нақты көрінісі екенін жеткізді.

Шара аясында қонақтарға өңірдің этникалық құрамын, этномәдени бірлестіктердің қызметін және облыстағы этностардың мәдени ерекшеліктерін қамтитын Жетісу облысының Этнокартасы таныстырылды.

Этнокітапхана әлем халықтарының әдеби мұрасын насихаттайтын, мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыруға және мәдениетаралық диалогты дамытуға арналған ашық алаңға айналады. Жаңа жоба қоғамдық келісімді нығайтуға, өзара түсіністік пен Қазақстанның мәдени әралуандығына деген құрметті арттыруға өз үлесін қосады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.