Шымкент қаласындағы Достық үйінде «Жастар және Жаңа Конституция: жарқын болашаққа бастар қадам» тақырыбында кездесу-дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, Қазақстан Республикасы Конституциясының маңызын кеңінен насихаттау, азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру.
Жиынға Шымкент қаласы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Заңғарбек Үсіпахметов қатысып, Конституциялық реформалардың мәні, заң үстемдігі, қоғамдық келісім мен бірліктің маңызы туралы сөз сөйледі. Ол жастардың белсенді азаматтық ұстанымы мен заңға құрметі Жаңа Қазақстанның тұрақты дамуының басты кепілі екенін атап өтті.
Кездесуді «Қоғамдық келісім» КММ Жастар саясаты және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Азиза Исаева жүргізді.
Іс-шарада Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма прокуроры Дулат Тағаев пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Махаббат Мамуджанова Конституцияның қоғамдағы рөлі, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң үстемдігі және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша баяндама жасады.
Кездесу барысында жастар өз ой-пікірлерін ортаға салып, конституциялық реформалар, құқықтық мемлекет қағидаттары және қоғамдық өмірдегі жастардың рөлі жөнінде ашық пікір алмасты.