01info.kz- ақпараттық портал

“Менің тегім — балалық”

фото: Б.Ахатай фб парақшасынан
0 43

Кеше әр адам бала кезден алдағы уақыт кім болатындығынан белгі беріп жүретіндігі туралы руханияты мол бағдарламада болдық. Кішкентайынан мойындалып, оқушы кезінде мектеп директорының “Кәмеке” — кеңесшісі болған Камал Әлпейісова апай Дана Нуржигитова ның “Өмір өнегесі” жобасында естияр жетіден еңселі жетпіске дейінгі өмір жолының сүрлеулері мен өзі салған өрнектері туралы жылы естеліктер болды. Сыныптастары, достары, замандастары мен әр жастағы достары, сіңлілері мен балалары, немерелері жиналып, әрқайсысы өз өмірлеріндегі Камал апайдың алар орны мен қалыптасуында қалдырған таңбалары туралы әңгімеледі. Әр қатысушы ой бөліскен сайын толық адамның пазлдары бірін-бірі тауып, көрер көзге кішкентай Камал апайдың тау тұлғасы әдемі құрақтай құралып, ұлғая берді. Назипа Шанаи Ыдырысқызы бастаған Республикалық аналар кеңесінің басым бағытты жұмыстарының бірі — құндылық, руханият. Әр адам өз өмірін Кеңесіміздің кеңесшісі Камал апайға тән кемел өрнектей білсе, өмір салтын санаға байласа, жақсы әдеттер жүйесі мен әдеп кодексі табиғи қалыптасады. Бұндай жүйе болса жамандық жолай алмайды. Арагідік қоғамнан бой көтеріп, құндылық жүйесінің қай жерінен қате кетіп жатқанынан белгі беріп тұратын жағымсыз жағдайлар азаяр еді. Камал апайдың бойындағы өзімді ең тәнті ететін қасиеті — жомарт жүрегі, кең пейлі, кешірімшілдігі мен кемелдігі. Парасаттың патшасы — қарапайымдылық болса, Камал апай — сол. Жасай беріңіз, жаза түсіңіз, жүз жасаңыз, ұлағатты ұрпағыңызбен мың жасаңыз, Камал апай!

Баян Ахатай, Республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.