стана қаласында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никос Христодулидистің келіссөздері екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Мемлекет басшысы Кипр Республикасы Президентінің бұл сапарын дипломатиялық қарым-қатынас тарихындағы тұңғыш әрі тарихи оқиға деп бағалады. Кездесудің Кипр Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық етіп жатқан кезеңмен тұспа-тұс келуі және Ларнака – Астана бағытындағы алғашқы тікелей әуе рейсінің ашылуы екіжақты ықпалдастықтың жаңа кезеңін айқын көрсетеді.
Сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру мақсатында Қазақстан Президенті Экономикалық ынтымақтастықтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді, сондай-ақ Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құруды ұсынды. Өз кезегінде Никос Христодулидис Қазақстанның Еуропа Одағы үшін Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес екенін тілге тиек етіп, Кипр елі қазақстандық бизнес үшін еуропалық нарыққа шығатын сенімді қақпа бола алатынын мәлімдеді.
Тараптар цифрландыру, жасанды интеллект, логистика, финтех, «жасыл» қаржыландыру, туризм және білім беру салаларындағы кооперацияны тереңдетуге уағдаласып, Кипр Президентінің «Астана» халықаралық қаржы орталығына бару жоспарын ерекше атап өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің ресми делегациялары бірқатар маңызды ведомствоаралық құжаттармен алмасты.
Атап айтқанда, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Кипрдің Зерттеу, инновациялар және цифрлық саясат кіші министрлігі арасында АКТ және киберқауіпсіздік бойынша, сондай-ақ екі елдің Мәдениет министрліктері, Ғылым және жоғары білім министрліктері, Туризм және спорт министрліктері арасында тиісті бағыттар бойынша өзара түсіністік меморандумдарына қол қойылды. Бұдан бөлек, ҚР Сыртқы сауда палатасы мен Кипр Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында инвестициялық және іскерлік перспективаны нығайту туралы келісім бекітілді.
Дереккөз: Аkorda.kz