А.ж. 3 маусым күні БҚО Достық үйінде Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында «Қоғам мәдениеті мен отбасы құндылықтарын нығайтудағы әйелдердің рөлі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасындағы ана мен қоғамдағы әйелдің адамгершілік, сыйластық және жоғары мәдениеттілік құндылықтарын қалыптастырудағы рөлін арттыру, отбасы институтын нығайту және қоғамдағы мәдениеттілік деңгейін көтеру.
Дөңгелек үстелді БҚО ҚХП Әйелдер қанатының жетекшісі, облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрайымы, БҚО әкімі жанындағы гендерлік саясат мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Жансұлу Менешқызы Төремұратова жүргізді.
Кездесу барысында облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Хайроллақызы Құрманалина, облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығы жанындағы БҚО «Әйелдер күштері альянсының» төрайымы Маржан Ишанқызы Салимова баяндама жасап, қоғамдағы әйелдің рөлі, отбасы құндылықтарын сақтау, ұрпақ тәрбиесі, қоғамдық мәдениетті нығайту мәселелері бойынша өз пікірлерімен бөлісті.
Іс-шараға облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығының өкілдері, БҚО «Әйелдер күштері альянсының» мүшелері, полиция департаментінің өкілдері, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандары, кәсіпкерлер, көп балалы аналар, сондай-ақ облыстық Аналар кеңесінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған «Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын іске асыру шеңберінде Батыс Қазақстан облыстық Аналар кеңесі мен облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құжат аясында белгіленген міндеттерді жүйелі жүзеге асыру мақсатында бірлескен жұмыс тобын құру туралы келісім жасалды.
Іс-шара қорытындысы бойынша қоғамда мәдениеттілік пен отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау, әйелдердің тәрбиелік және қоғамдық рөлін күшейту бағытында нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігі атап өтілді.