Қызылорда қаласындағы Халықаралық “ORDA” жоғары колледжінде «Заң мен тәртіп» тақырыбында тағылымды кездесу өтті. Жиын облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының бастамасымен ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында заңға құрмет, адалдық, жауапкершілік, елжандылық секілді маңызды құндылықтарды дәріптеу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру.
Іс-шараға облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, тәжірибелі медиатор Жақсыбай Жәкеев, Халықаралық “ORDA” жоғары колледжі директорының халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары Алайдар Сейтжанов, Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы медиация және ғылыми-сарапшылық тобының мүшелері Дәулет Омаров пен Ерсұлтан Есов қатысты.
Кездесу барысында «Елдесу және татуласу» жобасы аясында қоғамдағы татулық пен бірліктің маңызы, заң талаптарын сақтау, құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Спикерлер жастарды ел болашағына бейжай қарамауға, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырды.