Астана қ. Достық үйінде Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Қазақстанның Халық Қаһармандары, Еңбек ерлері, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері және қоғам қайраткерлері қатысты.
Басқосудың негізгі мақсаты — Жеңіс күнінің тарихи маңызына тоқталып, ата-бабаларымыздың ерлігін насихаттау, өскелең ұрпақ бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру.
Әңгіме барысында қатысушылар Ұлы Отан соғысындағы жеңістің тарихи мәні туралы сөз қозғап, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін ұлықтаудың маңызына тоқталды. Отан қорғаушылардың ел қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін сақтаудағы рөлі кеңінен талқыланды.
Аға буын өкілдері жастарды ел тарихын құрметтеп, бейбітшілік пен бірліктің қадірін түсінуге, Отанға адал қызмет етуге және батырлар ерлігін әрдайым есте сақтауға шақырды.
Сондай-ақ, ғимараттың фойесінде Кеңес Одағы Батырларының фотопортреттері мен соғыс жылдарынан сыр шертетін жәдігерлер қойылған шағын көрме ұйымдастырылды. Ал іс-шара соңында жиналғандардың алдында соғыс жылдарының жан тебірентерлік репертуарымен «Радуга» орыс әндерінің ансамблі және орыс этномәдени бірлестігінің солисті өнер көрсетті.