Жамбыл облысында мемлекеттік тілді ілгерілетуге бағытталған «Мәміле» қазақ тілі пікірталас клубы өз жұмысын қайта бастады. Жобаның алғашқы отырысы «Достық» үйінің ақпарат алаңында өтті.
Аталған бастама Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді этностар арасында дамытуға қатысты жобасының аясында жүзеге асырылып, өңір тұрғындары арасында қазақ тілін кеңінен насихаттауға бағытталған.
Клубтың басты мақсаты – мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндер мен тіл жанашырларын біріктіріп, еркін пікір алмасу алаңын қалыптастыру.
Жиын барысында жоба туралы ақпарат беріліп, жасанды интеллект көмегімен дайындалған бейнеролик ұсынылды. Онда қазақ тілін күнделікті өмірде қолдану арқылы меңгерудің тиімді жолдары көрсетілді.
Мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылған жастардың жиыны «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаеваның клуб жұмысына сәттілік тілеуімен басталды. Кездесу барысында Тілдерді оқыту орталығының ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы Айгерім Байғабыл мен ҚХА-ның «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасының спикері Евгений Кравчук өз тәжірибелерімен бөлісті.
Олар мемлекеттік тілді меңгеруге арналған тиімді интернет-платформалар, сондай-ақ әлеуметтік желілерде қазақ тілінде әзірлеп жүрген креативті контенттері мен авторлық жобалары туралы кеңінен әңгімеледі.
Евгений Кравчук өз сөзінде жуырда Душанбе қаласына барған сапары кезінде қазақ тілін жетік меңгеруінің арқасында түркі тілдес жастармен еркін араласып, тез тіл табысқанына ерекше тоқталды.
Айта кету керек, өткен жылы жоба аясында жеті отырыс ұйымдастырылып, онда қоғамдағы өзекті тақырыптар жан-жақты талқыланған болатын. Ал биыл «Мәміле» клубы сәуір мен қараша айлары аралығында өз жұмысын жалғастырып, сегіз кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Жоба қорытындысында белсенді қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады. Клубқа қатысуға ниет білдіргендер үшін жас ерекшелігіне ешқандай шектеу қойылмайтынын және түрлі бағыттағы мазмұнды талқылаулар тұрақты түрде ұйымдастырылып отыратынын атап өткен жөн.