01info.kz- ақпараттық портал

САЛАУАТТЫ САНА – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

0 579

Түркістан қаласындағы Достық үйінде облыстық ҚХА Аналар кеңесінің бастамасымен «Салауатты сана» жобасы аясында «Нашақорлық – ғасыр дерті» атты жастармен диалог алаңы ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың алдын алу және оның адам денсаулығы мен қоғамға тигізетін кері әсерін түсіндіру болды.

Кездесуді облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Г.Тоққұлова жүргізді. Диалог алаңында баяндама жасаған спикерлер қатарында облыстық ҚДБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Э.Жанғазиева; облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі М.Бимаханов; облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» КММ дәрігері Д.Шалапов; «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы Н.Хасантаев бар.

Іс-шара барысында қоғамдық келісім мен жастар тәрбиесіндегі маңызды бағыттар қозғалып, есірткі қылмысының алдын алу, заң талаптары мен жауапкершілік мәселелері түсіндірілді. Нашақорлықтың адам ағзасына зияны туралы айтылып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі талқыланды. Арнайы реалити қойылым арқылы есірткі қылмысының салдары көрсетілді. Қатысушылар еркін пікір алмасып, сұрақтарына жауап алды.

Аналар кеңесі «Жасыл сертификат» жобасы аясында дәріханаларға мониторинг жүргізіп, тәуелділік тудыратын препараттардың заңсыз сатылуына жол бермеуді көздеп отыр. Бұл жиын – жастарды саналы таңдау жасауға бағыттайтын, қоғамдағы өзекті мәселені ашық талқылауға мүмкіндік берген маңызды алаң болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.