01info.kz- ақпараттық портал

Елімізде қатерлі ісіктен айығу мүмкіндігі артты

фото: ДСМ
0 48

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова алқа отырысында елімізде онкологиялық көмек көрсету сапасының айтарлықтай жақсарғанын мәлімдеді. Министрдің дерегінше, пациенттердің бес жылдық өмір сүру деңгейі 56%-дан 65%-ға дейін өсіп, дертті ерте кезеңде анықтау көрсеткіші 34,6%-ға жеткен. Сонымен қатар, сәулелік терапиямен қамту деңгейі де артып, 65%-ды құрады.

Инфрақұрылымды жаңғырту аясында 2025 жылдың қараша айында Астанада Протондық терапия орталығы іске қосылып, алғашқы пациенттер ем қабылдай бастады. Қызылорда мен Ақтауда жаңа ПЭТ/КТ орталықтары ашылып, еліміздегі мұндай жоғары технологиялық нысандардың саны 16-ға жетті. Сондай-ақ, барлық өңірлерде сараптамалық эндоскопиялық орталықтар жұмыс істеп, диагностикалық зерттеулер мен оталар саны артып келеді.

Министрлік Ұлытау, Ақмола, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында диагностика мен емдеу тиімділігін арттыру үшін қосымша шаралар қабылдауды жоспарлап отыр. 2026 жылы онкологиялық қызметтің бірыңғай цифрлық платформасы енгізілмек. Бұл жүйе пациенттің бағытын бақылауға, дәрі-дәрмектің жұмсалуын және емнің негізділігін қадағалауға мүмкіндік береді. Онкологиялық қызметті жаңғырту жұмыстары өлім-жітімді азайту мен жоғары технологиялық медицинаның қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Дереккөз: ДСМ баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.