Жамбыл облысында білім беру инфрақұрылымын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірде 2025 жылы 14 білім беру нысаны пайдалануға берілді, оның ішінде 10 жаңа мектеп бой көтерді. Нәтижесінде үш ауысымды оқыту мәселесі толықтай жойылып, апатты жағдайдағы және оқушы орны тапшылығы бар бірнеше мектептің түйткілдері шешімін тапты. Бұл туралы облыстық білім басқармасының алқа мәжілісінде мәлім болды.
Инфрақұрылымды жаңарту биыл да жалғасын тауып, 12 білім беру нысанын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, материалдық-техникалық базаны нығайтуға басымдық берілуде: өткен жылы 16 нысанға 11 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, мектептер заманауи пәндік кабинеттермен, STEM-зертханалармен және компьютерлік техникамен жабдықталды. Сондай-ақ өңірде тұңғыш рет мамандандырылған әскери мектеп-интернаты ашылып, білім беру жүйесінің құрылымы кеңейе түсті.
Жүйелі қолдаудың нәтижесінде Жамбыл облысының оқушылары мен ұстаздары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Өткен жылы оқушылар халықаралық және республикалық деңгейде 468 медаль еншілеп, республикалық ғылыми жобалар конкурсында 16 жыл қатарынан «Үздік команда» атағын қорғап келеді. Бүгінде облыстағы 531 мектепте 245 мыңнан астам оқушыға сапалы білім беру үшін барлық жағдай жасалуда.
Дереккөз: Жамбыл облысы әкімдігі баспасөз өызметі