01info.kz- ақпараттық портал

Қаңтардағы көктем: Мақтааралда егін егу науқаны басталды

фото: Түркістан қ. әкімдігі сайты
0 541

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында қаңтар айының ортасында ерте пісетін көкөністерді егу науқаны басталды. Биыл ауданда 60,3 мың гектар егістік алқапты игеру жоспарланса, оның 1405 гектарына ерте және орта мерзімде пісетін дақылдар егілмек. Атап айтқанда, Мақтаарал ауылдық округіндегі шаруалар заманауи тамшылатып суару технологиясын қолдана отырып, 8 гектар жерге ас үй қызылшасын егуге кірісті.

Тамшылатып суару әдісі су ресурстарын үнемдеумен қатар, өнімділікті екі есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Мамандардың болжамынша, агротехникалық талаптар сақталған жағдайда, қызылшаның алғашқы өнімі сәуір айында дайын болады. Сондай-ақ ауданда жуық арада қырыққабат егу жұмыстары да басталмақ. Бұл ерте өнім нарықтағы бағаның тұрақталуына және халықты жас көкөніспен ерте қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Жалпы алғанда, биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 919 мың гектар жерге егіледі деп күтілуде. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. Егістік алқаптарының басым бөлігі жаздық және күздік дақылдарға, сондай-ақ көпжылдық жоңышқаға тиесілі.

Дереккөз: Түркістан қ. әкімдігі баспасөз қызметі 

Leave A Reply

Your email address will not be published.