Ақмола облысының Қосшы қаласында бір ауысымда 1000 адамды қабылдауға қауқарлы заманауи емхананың құрылысы ресми түрде аяқталып, ел игілігіне берілді. Бұл айтулы нысан тек қала тұрғындарын ғана емес, елордалық агломерацияның барлық іргелес елді мекендерін сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ететін болады.
Мұнда мамандандырылған және жоғары технологиялық қызметтерді қоса алғанда, медициналық көмектің кең спектрі ұсынылады. Жобаның негізі Мемлекет басшысының 2024 жылғы тамыздағы Қосшы қаласына жұмыс сапары кезінде қаланып, қысқа мерзім ішінде бой көтерді. Нысанның ашылу салтанатына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, медициналық жұртшылық пен депутаттық корпус өкілдері арнайы қатысты. Министр өз сөзінде өңірде алғаш рет медициналық мекеме құрылысына жеке инвестиция тарту бойынша осындай ауқымды жобаның сәтті іске асқанын ерекше атап өтті. Мемлекет тарапынан мұндай бастамаларға қолдау көрсетіліп, заңнамалық деңгейде тиісті жағдайлар жасалуда.
Айта кетерлігі, құны 30 млрд теңгеге жуықтайтын бұл жоба мемлекеттік бюджет қаражатын тартпай, «VIAMEDIS KOSSHY» ЖШС-ның жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылды. Жоспар мұнымен шектелмейді: ағымдағы жылдың соңына дейін осы кешен аумағында 50 оңалту орны бар 350 төсектік көп бейінді стационар пайдалануға берілмек. Бұл жерде Қосшы қаласымен қатар Шортанды, Ерейментау, Егіндікөл, Аршалы, Қорғалжын, Целиноград және Астрахан аудандарының тұрғындары ем ала алады. Жаңа кешен 700-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашып, медицина қызметкерлері үшін арнайы пансионат пен тұрғын үй салуды да көздейді.
Нысанның маңыздылығына тоқталған белгілі нейрохирург, «Еңбек ері» Серік Ақшолақов емхананың халықаралық стандарттарға толық сай екенін және жобаның медициналық әлеуеті жоғары екенін растады. Соңғы екі жылда Ақмола облысында 38 медициналық нысанның бой көтеруі – денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайту мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың айқын нәтижесі.
Дереккөз: Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметі