Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов өз еркімен қызметінен босатылды. Тәжірибелі маман бұл шешімді денсаулық жағдайына байланысты қабылдаған.
Қайрат Тұрсынханұлы 2024 жылдың тамыз айында Ұлттық құраманың тізгінін екінші мәрте қолға алған болатын. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысының жетекшілігімен отандық былғары қолғап шеберлері бірнеше айдың ішінде бірқатар халықаралық додаларда табысты өнер көрсетіп, әлемдік деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындардан көрінді.
Қазақстан бокс федерациясы мен спорт қауымдастығы Қайрат Сәтжановқа отандық спорттың дамуына қосқан өлшеусіз үлесі мен кәсібилігі үшін шексіз алғыс білдіреді.
Енді Қазақстан құрамасын 50 жастағы Нұржан Насанов жаттықтырады. Ол 2016 жылдан бері бапкерлік қызметпен айналысып келеді, ал 2024 жылдың тамыз айынан бастап Сәтжановтың бапкерлер штабында жұмыс істеген.