Абай университетінің ғалымдары ауыл шаруашылығы өнімдеріндегі қауіпті пестицид қалдықтарын жоғары дәлдікпен және жедел анықтайтын жаңа буын электрохимиялық сенсорларды әзірлеп шығарды, деп хабарлайды 01info.kz ҚР ҒЖБ минситрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландыруымен 2023 жылы басталған бұл маңызды жоба биыл сәтті аяқталды.
Жаңа сенсорлар, оның ішінде MWCNTs-AuNPs және SiC-CDC-CS материалдарымен жасалған үлгілер, адам денсаулығына қауіпті DDVP және паратион сияқты пестицидтердің қалдық мөлшерін анықтай алады. Сенсорлардың әрекет ету уақыты бар болғаны 30-60 секунд шамасында және оларды өндірістік ауқымға енгізуге қолайлы, бұл шығынды 20-30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Жоба жетекшісі, PhD, аға оқытушы Рыскүл Бақыткәрімқызы зерттеудің халықаралық маңыздылығын атап өтті. Жас зерттеушілер Оңтүстік Қытай технологиялық университетінде тағылымдамадан өтіп, кәсіби дағдыларын дамытты.
«Біздің зерттеуіміз қазақстандық ғылымның мүмкіндігін көрсететін үлкен жетістік. Бұл сенсорлар ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылауда, экологиялық мониторингте, су мен топырақтағы пестицид қалдықтарын анықтауда кеңінен қолдануға жағдай туғызады,» – деді ол.
Бұл зерттеу отандық ғылымды дамытуға және Қазақстандағы экологиялық қауіпсіздік саласын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.