Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Құрық портынан 20 шақырым қашықтықта, Каспий теңізінің акваториясында орналасқан Орталық Азиядағы алғашқы теңізде балық өсіру фермасының жұмысымен танысты, деп хабарлайды 01info.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру тапсырмасы аясында іске асырылған жобада қазірдің өзінде норвегиялық тор қоршамаларға 6 000 кг шамасында 30 000 дана албырт балығының шабағы салынды.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай бұл жобаның Қазақстандағы теңізде балық өсірудің алғашқы тәжірибесі екенін атап өтті.
«Жоба өңір экономикасын дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және заманауи, жоғары технологиялы сектор құруға мүмкіндік береді,» – деді облыс әкімі.
Каспийдің таза суы мен экологиялық қолайлы жағдайы албырт тұқымдас балықтарды өсіруге ерекше мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін фермаға жалпы 20 тоннаға дейін албырт балығын жіберу көзделіп отыр. 2026 жылы – 300 тонна балық өндіру, 2029 жылға қарай – жылына 5 000 тоннаға дейін балық өндіру жоспарлануда.
Бұл бірегей жоба Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне, импортты алмастыруға және жоғары технологиялы жаңа саланың қалыптасуына үлкен үлес қоспақ.