Қазақстан әлемдегі алғашқы елдердің бірі қатарында 2026 жылдың ақпан айынан бастап SpaceX компаниясының Direct-to-Cell (D2C) спутниктік байланыс технологиясын кезең-кезеңімен енгізуді бастайды, деп хабарлайды 01info.kz ҚР ЖИЦД министрлігінің сайтына сілтеме жасап.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары барысында қол қойылған келісімдердің негізінде жүзеге асырылуда.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев, Beeline Қазақстан және SpaceX (Starlink) компанияларының өкілдері Орталық Азияда алғаш рет Direct-to-Cell технологиясын сәтті сынақтан өткізді. Сынақ кезінде қарапайым ұялы телефон арқылы SMS-хабарламалар мен мессенджер арқылы қоңыраулар спутниктік және жерүсті желілері біріктіріліп, сәтті жіберілді.
D2C технологиясы қосымша құрылғыларды қажет етпей, стандартты мобильді телефонды тікелей спутникке қосуға мүмкіндік береді. Бұл дала, таулы және шалғай өңірлерде дәстүрлі байланыс инфрақұрылымы жоқ жерлерде тұрақты байланыс орнатуға кепілдік береді.
Жаслан Мадиевтің айтуынша, бұл қызмет түрі төтенше жағдайларда және шалғай өңірлерде шешуші рөл атқарып, цифрлық тұрақтылықты арттырады.
«Мұндай технологиялар цифрлық тұрақтылықты арттырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартады,» — деді Министр.
Технология кезең-кезеңімен енгізіледі: 2026 жылы SMS-хабарламалармен басталып, 2027 жылы дыбыстық байланыс пен басқа да негізгі қызмет түрлерінің басым бөлігі іске қосылады. Қазақстан — әлемнің санаулы, Орталық Азияның алғашқы мемлекеті ретінде осы технологияны енгізу арқылы азаматтардың қауіпсіздігі мен байланыс қолжетімділігін айтарлықтай жақсартады.