ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен және Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Маңғыстау облысында өңірдегі инженерлік білім беруді дамыту мен робототехника бойынша жаңа буын тәлімгерлерін даярлауға бағытталған «STEM Hanym» білім беру бастамасы ресми түрде іске қосылады.
Ауқымды жоба аясында Ақтау және Жаңаөзен қалаларының, сондай-ақ Шетпе, Бейнеу, Құрық ауылдарының 300-ден астам әйел-педагогы, педагогикалық факультеттердің студенттері, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар мен технологиялар саласында дамуға қызығушылық танытатын ерекше қажеттілігі бар әйелдер заманауи STEM бағыттары бойынша тегін оқу мүмкіндігіне ие болады.
Жобаға онлайн оқудан және конкурстық іріктеуден сәтті өткен қатысушылар ғана жолдама алады, ал оқыту процесі жергілікті жерлерде ұйымдастырылып, өңірлерге арнайы барған тәжірибелі тренерлер практикалық сабақтар өткізеді. Оқу бағдарламасы барысында қатысушылар 3D модельдеу, робототехника, жасанды интеллект, инженерлік ойлау және командалық жұмыс негіздерін меңгеріп қана қоймай, өз оқушыларын халықаралық технологиялық жарыстарға дайындаудың тиімді дағдыларын үйренеді.
Айта кету керек, бұл бастаманың алғашқы легі Атырау облысында сәтті жүзеге асырылып, онда білім алған 300-ден астам әйелдің ішінен шыққан бағдарлама түлектері бүгінде Қазақстан атынан республикалық және халықаралық робототехника чемпионаттарында, соның ішінде Хьюстонда өткен FIRST әлем чемпионатында ел намысын қорғап жүр.
Өңірдегі әйелдердің цифрлық әлеуетін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын осы бірегей жобаға қатысу үшін өтінімдерді https://forms.gle/u7xFPTC4uMYnyjs7A ресми сілтемесі арқылы қалдыруға болады.
Дереккөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметі