Қазақстан өңірде аэротакси, жеткізуші дрондар және цифрлық навигациядан тұратын қалалық әуе мобильділігінің толыққанды экожүйесін ұсынған алғашқы ел болды. ЖИ және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Alatau City алаңында инновациялық электрлі ұшу аппаратының — eVTOL аэротаксиінің алғашқы демонстрациялық сынақ ұшуы өтті. Бұл жобаны қазақстандық «Alatau Advance Air Group Ltd.» (AAAG) компаниясы АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея және Италияның жетекші технологиялық серіктестерімен бірге, 300 миллион АҚШ доллары көлеміндегі тек жеке инвестициялар есебінен іске асыруда.
Сынақтан өткен «AutoFlight Prosperity» жолаушылар аппараты 1 ұшқыш пен 5 жолаушыға есептелген, 13 электр моторымен жабдықталған және сағатына 200 шақырым жылдамдықпен ұша алады. Ол дыбыссыз жұмыс істейді әрі экологиялық тұрғыдан таза. Министр Жаслан Мәдиев бұл қадамның елде «төмен биіктіктер экономикасын» және ақылды қала инфрақұрылымын құрудың бастамасы екенін атап өтті. Іс-шарада цифрлық навигациялық платформа арқылы басқарылатын жүк жеткізуші ұшқышсыз жүйелер де таныстырылды.
Қазіргі уақытта Alatau City-де аппараттардың ұшуы мен зарядталуына арналған алғашқы вертипорттың құрылысы басталды. Болашақта бұл әуе желісі Alatau City, Алматы қаласы мен облыстың туристік орындарын байланыстырады. Мысалы, Алматы әуежайынан Медеуге дейінгі жол небәрі 10-12 минутты құрамақ. Жобаны заңдық тұрғыдан қолдау үшін 2026 жылғы 8 мамырда Мемлекет басшысы арнайы заңға қол қойды, ал қазіргі уақытта жаңа қаланың «әуе кодексін» қалыптастыратын 40-қа жуық нормативтік акт әзірленуде. Сондай-ақ, AAAG компаниясы 50 ұшу аппаратын жеткізу, қазақстандық мамандарды оқыту және аймақтық техникалық қызмет көрсету орталығын құру бойынша «AutoFlight» компаниясымен меморандумға қол қойды.
дереккөз: ҚР ЖИЦДМ