Қарағанды мен Жезқазғанды байланыстыратын республикалық маңызы бар жаңа автожолдың құрылысы ресми түрде басталды. Жалпы ұзындығы 457 шақырым болатын стратегиялық жобаның 122 шақырымы Қарағанды облысының аумағына тиесілі. Салтанатты іс-шараға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, екі облыстың әкімдері мен «ҚазАвтоЖол» ҰК басшылығы қатысты.
Бұл жоба еліміздің солтүстік, орталық және оңтүстік өңірлерін жалғайтын маңызды көлік дәлізі болмақ. Құрылыс барысында алғаш рет «Design – Build – Maintain» (DBM) моделі қолданылуда. Бұл формат бойынша мердігер нысанды жобалаудан бастап, құрылысын аяқтап, кейіннен 7 жыл бойы күтіп-ұстауға толық жауап береді.
Мұндай тәсіл жұмыстың сапалы, ашық жүруіне және жобаның қымбаттап кетпеуіне кепілдік береді. Қазіргі таңда аумақты дайындау, жобалау және жер төсемін салу жұмыстары қатар жүргізілуде. Жол құрылысын 2029 жылы толық аяқтап, қолданысқа беру жоспарланып отыр. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін өңірлер арасындағы көлік қатынасы жақсарып, жол қауіпсіздігі артады және жүру уақыты айтарлықтай қысқарады.
Дереккөз: Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметі