Елордада 1–9 маусым күндері боччадан ресми рейтингтік бәсеке саналатын «Astana 2026 World Boccia Cup» халықаралық турнирі өтуде. Дүбірлі додаға әлемнің 24 елінен (соның ішінде Бразилия, Канада, Қытай, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея бар) 90-ға жуық спортшы қатысуда. Шараның ресми ашылуына Бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев, Халықаралық бочча федерациясының президенті Джонатан Морган және Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты. Мұндай ауқымды жарыстың елімізде ұйымдастырылуы Қазақстанның спорттық әлеуетін көрсетіп, инклюзивті спортты насихаттауға зор серпін береді.
Әлем кубогінде ел намысын 10 отандық параспортшы қорғап жатыр. Олардың үшеуі — қозғалыс мүмкіндігі ең шектеулі (BC3 санаты) спортшылар. Сайыстар жеке, жұптық және командалық форматта ұйымдастырылған. Ұлттық құраманың техникалық және тактикалық дайындығын арттыру мақсатында Португалиядан білікті бапкер Роберто Матеуш арнайы шақырылды. Турнир Туризм және спорт министрлігі мен серіктес ұйымдардың қолдауымен өтуде.
Жарыс аясында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Халықаралық бочча федерациясының президенті Джонатан Морган арасында екіжақты кездесу өтті. Басқосуда елімізде боччаны дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, спортшылар мен бапкерлерді даярлау мәселелері талқыланды. Джонатан Морган Қазақстанның инклюзияны дамытуға бағытталған ашық ұстанымын жоғары бағалап, бірлескен бастамаларды толық қолдайтынын жеткізді.
фото: https://t.me/sport_comiteti