01info.kz- ақпараттық портал

ҚАМҚОРЛЫҚ ПЕН МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ ЖҮЗДЕСУ

0 173

Халықаралық балаларды қорғау күні – әр баланың жүзінен күлкі көріп, жүрегіне жылу сыйлаудың ерекше мерекесі.
Осы айтулы күні Жамбыл облыстық «Полонез» поляк тілі мен мәдениеті орталығының төрағасы Лариса Калькова мен орталықтың Аналар кеңесінің төрағасы Аракси Плетнева арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына барып, тәрбиеленушілерге шаттыққа толы мерекелік көңіл күй сыйлады.
Балалар үшін мол дастархан жайылып, жаңа піскен тоқаштар, түрлі жеміс-жидектер, тәттілер мен дәмді торттар ұсынылды. Мерекенің сәнін келтірген тағы бір ерекше сәт – әр балаға арналған сыйлықтардың табысталуы болды. Тосынсыйға толы тартулар бүлдіршіндердің қуанышын еселей түсті.
Кездесу барысында дөңгелек үстел үстінде балалар өздерінің оқу жетістіктері, қызығушылықтары мен армандары туралы еркін әңгімелеп, болашаққа қойған мақсаттарымен бөлісті.
Осындай игі бастамалар балалардың өздерін қоғамның маңызды мүшесі ретінде сезінуіне, өз мүмкіндіктеріне сеніммен қарауына ықпал етеді. Өйткені балаға бөлінген әрбір уақыт, айтылған әрбір жылы сөз және көрсетілген әрбір қамқорлық – олардың жүрегіне жол табатын үлкен мейірімнің көрінісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.