01info.kz- ақпараттық портал

АЛМАТЫДА IV ЖАС КРЕАТОРЛАР ФОРУМЫ ӨТТІ

0 631

Алматы қаласында «Ақпараттық кеңістіктегі бірлік» тақырыбында IV Жас креаторлар форумы өтті. Аталған форум жас және бастаушы блогерлерді, сондай-ақ позитивті контент, саяси және сараптамалық шолулар әзірлеуге, жеке брендті дамытуға және басқа да бағыттарда жұмыс істеуге ниетті креаторларды біріктірді. Оқыту жұмыстарын блогинг, маркетинг, SMM, таргетинг, көшбасшылық саласының мамандары, танымал REELS пен влогтарды жасаушылар жүргізді.

Форумды Алматы қаласындағы «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігі Алматы қаласы ҚДБ «Қоғамдық келісім» КММ қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – контентті фактчекинг құралдары арқылы саралап, сапалы ақпарат тарата алатын болашақ блогерлер пулын қалыптастыру.

Форум аясында тренингтер ұйымдастырылып, спикер ретінде журналист, Forbes Kazakhstan журналының «30 under 30» рейтингісінің редакторы Жади Тургумбаева, стратегиялық позициялау және нейрожелілер бойынша сарапшы, «SORRISO ACADEMY» негізін қалаушы Рустам Абдуллаев, қоғам қайраткері, ҚХА мүшесі, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рустам Кайрыев, қоғам белсендісі, «Alash» онлайн қазақ тілі мектебінің негізін қалаушы, блогер, «Патриоттық сезім» тренингінің авторы Алина Кан сөз сөйледі.

Спикерлер «ЖАҢА ЗАМАН КӨШБАСШЫЛАРЫ», «ПОЗИЦИЯЛАУ: нейрожелілер дәуіріндегі жеке бренд», «НЕТИКЕТ: медиа кеңістіктегі этика», «МЕН АМБАССАДОРМЫН: әлеуметтік желідегі парақшаңызды қалай дамытып, қоғамның беткеұстар тұлғасына айналуға болады» тақырыптарында тренингтер өткізді.

Барлық оқыту жұмыстары интерактивті форматта ұйымдастырылып, қатысушылардың жаңа білімді жылдам меңгеруіне, тәжірибеде қолдануына және психологиялық кедергілерді еңсеруіне мүмкіндік берді. Тренингтер көпшілік алдында сөйлеу, эмоционалдық интеллекті дамыту, трендтегі контент жасау секілді нақты дағдыларды жетілдіруге бағытталды. Форум қорытындысы бойынша қатысушыларға оқу курсын аяқтағаны жөнінде сертификаттар табысталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.