Шымкент қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6698 әскери бөлімінде мәдени іс-шара өтті.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен грек этномәдени бірлестігі және «Ұлпатай» бөбекжай-бақшасы бірлесіп өткізген шараның негізгі мақсаты – этносаралық келісімді нығайту, түрлі мәдениеттер арасындағы достықты дәріптеу және жас ұрпақты бірлік рухында тәрбиелеу.
Кеш барысында қалалық ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Сәкен Жаңабаев сөз сөйлеп, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы рөлі мен маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде аталған институттың елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі негізгі тіректердің бірі екенін атап өтті. Ал грек этномәдени орталығының төрайымы Елена Папуциди өз сөзінде орталықтың қызметі, мәдени мұраны сақтау және жастар тәрбиесіндегі маңызы туралы баяндады.
Мерекелік бағдарлама аясында кішкентай өнерпаздар көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. «Құлыншақ» және «Көгершін» топтарының қатысуымен қазақ, грузин және грек билері орындалып, әр ұлттың мәдени ерекшелігі сахна төрінде үйлесім тапты. Сонымен қатар, балалар Отан, достық және бірлік тақырыбында өлеңдер оқып, патриоттық әндер шырқалды.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушылар мен көрермендерге алғыс білдіріп, мұндай кездесулер қоғамдағы өзара түсіністік пен бірлікті нығайтуға үлкен үлес қосатынын атап өтті.