Маңғыстау облыстық Аналар кеңесінің қоғамдағы жат әдеттер мен теріс құбылыстарға қарсы иммунитет қалыптастыруды көздейтін «Салауатты сана — қауіпсіз қоғам кепілі» ақпараттық-түсіндіру керуені өз жұмысын Қаражанбас және Қаламқас кен орындарында жалғастырды.
Бұл жиындарға Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Маралбек Сейлов, өңірдің қоғам белсенділері, облыстық Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты. Кездесудің мақсаты қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және еңбек ұжымдарындағы идеологиялық жұмыстарды күшейту. Спикерлер өз сөзінде бүгінгі таңда ел болашағына қауіп төндіретін бес негізгі әлеуметтік кесел — нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдыққа қарсы тұрудың маңыздылығына тоқталды.
«Салауатты сана» керуені — қоғамдағы жат ағымдар мен теріс әдеттерге тосқауыл қоюға бағытталған маңызды бастама ретінде алдағы уақытта да өңірдің басқа да елді мекендері мен кен орындарында жүйелі түрде жалғасады.