01info.kz- ақпараттық портал

Қазақстан-Үндістан ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріледі

фото: https://t.me/KZgovernment
0 35

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Нью-Делиге жұмыс сапары аясында Үндістан Республикасының Премьер-министрі Нарендра Модимен екіжақты кездесу өткізіп, India AI Impact Summit 2026 халықаралық саммитіне қатысты.

Олжас Бектенов Үндістан Премьер-министріне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жылы лебіздерін жеткізді. Өз кезегінде Нарендра Моди Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі тілектерін жолдады және екі елдің стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге шығару бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру ниетін білдірді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы $923,3 млн-ды құрады. Кездесу барысында сауда, инвестициялар, энергетика, АӨК, цифрландыру және ЖИ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстан Үндістан нарығына 40 тауарлық позиция бойынша $150 млн-ға өнім жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын. Сондай-ақ, маңызды минералдар мен сирек жер элементтері, ғарыш және қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің әлеуеті атап өтілді.

Премьер-министр Олжас Бектенов әлемнің 50-ден астам елінен келген мемлекет және үкімет басшылары, IT саласының сарапшылары мен ғылыми қауымдастық өкілдері жиналған India AI Impact Summit 2026 саммитіне қатысып, пленарлық сессияда сөйлеген сөзінде озық технологиялардың экономикалық әлеуетіне және олардың жаһандық өсу құрылымындағы әсеріне назар аударды.

Олжас Бектенов:
«Біз интеллектінің инклюзивті, дербес және ең бастысы экономиканың негізгі секторларын трансформациялайтын күшке ие болуы керек екеніне сенімдіміз. Бүгінде Қазақстан өңірлік цифрлық орталыққа айналуда. Сондай-ақ БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде 193 елдің ішінде 24-ші орында тұрмыз. Еліміз, сонымен қатар онлайн-қызметтердің сапасы бойынша әлемдегі ең үздік ондыққа кіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру мақсатын қойды. Жасанды интеллект біздің ұлттық дамуымыздың стратегиялық тірегі болып саналады», — деп атап өтті.

Қазақстан Премьер-министрі әлемдік технологиялық компанияларды озық технологияларды дамыту саласындағы ынтымақтастыққа шақырды.

Цифрландыру және ЖИ жылына орай Қазақстанда цифрлық экономиканы дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды, ол инновацияны реттеу мен ынталандыру арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Президент жанынан құрылған ЖИ-ді дамыту жөніндегі кеңес бір платформаны құрып, жетекші әлемдік визионерлерді біріктірді. Қазақстан Орталық Азияда алғаш рет екі ірі суперкомпьютер кластерін орналастырды, NVIDIA-мен серіктестікте Дербес ЖИ хабын құру жобасы жүзеге асырылуда. Бұған қоса, биыл әзербайжандық серіктестермен бірлесіп, Транскаспий талшықты-оптикалық желісінің құрылысын аяқтау жоспарлануда, бұл жаһандық деректер трафигі үшін ең қысқа балама маршрутты қамтамасыз етеді, Қазақстанға Шығыс пен Батыс арасындағы цифрлық көпір болуға мүмкіндік береді.

Екібастұз қаласында жүзеге асырылып жатқан флагмандық «ДӨО-лар алқабы» жобасы да ірі деректер орталықтары үшін экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мемлекет инфрақұрылым, жобаларды сүйемелдеу және қажетті қолдаудың барлық түрін ұсынатыны атап өтілді.

Форум қорытындысы бойынша делегация басшылары India AI Impact Expo 2026 халықаралық көрмесіне қатысып, онда жасанды интеллект саласындағы практикалық шешімдер, технологиялар және қолданбалы әзірлемелер ұсынылды. Экспозиция өнеркәсіп, қаржы, денсаулық сақтау, қауіпсіздік және басқа да салалардың кең ауқымын қамтыды.

Дереккөз: primeminister.kz/kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.