Елордадағы №51 мектеп-гимназиясында «Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті» атты IV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты — Алаш қайраткерінің идеялық мұрасын дәріптеу және отандық пен шетелдік ғалымдар арасындағы ғылыми байланысты нығайту.
Биылғы жиынға Әзербайжан, Түркия, Германия және Өзбекстан мемлекеттерінің ғалымдары онлайн форматта қосылды. Конференцияның ерекшелігі — 150 қатысушының арасында мектеп оқушыларымен қатар, колледж бен жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттар мен докторанттар да болды.
Жиын барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Әбдіжәлел Бәкір Мұстафа Шоқайдың Франциядағы қызметі мен Түркістан мұхтариятын құрудағы тарихи рөліне тоқталды. Сондай-ақ, академик Дихан Қамзабекұлы бастаған зиялы қауым өкілдері мен қайраткердің ұрпақтары баяндама жасап, тұлғаның әлі де зерттеуді қажет ететін қырларын талқылады.
Дереккөз: Астана қаласы әкімдігі баспасөз қызметі