01info.kz- ақпараттық портал

Алматыда кедергісіз спорт: Ерекше қажеттілігі бар спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер белесі

фото:almaty/press/news/
0 88

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы бейімді спорттың бүгінгі жай-күйі мен болашақ жоспарларын баяндады, деп хабарлайды 01info.kz Алматы қаласы әкімдігі сайтына сілтеме жасап.

Қазіргі таңда қаладағы жалғыз мемлекеттік мамандандырылған мекеме — «Алматы» спорт клубының базасында денсаулығында кінәраты бар 756 спортшы спорттың 23 түрімен тегін айналысып жүр. Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және инклюзивті бағыттарды қамтитын 8 бөлімшеде білікті мамандар жаттығу өткізеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша клуб тәрбиеленушілері айтарлықтай жетістіктерге жетті. Спортшылар 48 түрлі жарыста барлығы 462 медаль (180 алтын, 142 күміс, 140 қола) еншілеп, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Әсіресе, Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысқан 12 алматылық спортшының 2 күміс пен 2 қола медаль иеленуі — қала спорты үшін үлкен мақтаныш.

Инклюзивті ортаны одан әрі кеңейту мақсатында қала әкімінің тапсырмасымен Райымбек даңғылы, 312 мекенжайында жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. 21 спорт түріне арналған бұл орталық бір ауысымда 100 адамға дейін қабылдап, барлық санаттағы спортшылар үшін тең мүмкіндік алаңына айналмақ. Сонымен қатар, 2017 жылдан бері аутизм белгісі бар балаларға арналған тау шаңғысы жобасы сәтті жүзеге асып, балалардың әлеуметтенуі мен физикалық дамуына оң ықпал етуде. Дархан Нұрханұлы бейімді спортты қолдау Алматының спорттық саясатындағы ең басты басымдықтардың бірі болып қала беретінін қадап айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.