Оңтүстік Кореяның ең танымал әрі рейтингі жоғары тележобаларының бірі — «Менің кішкентай бойдақ жігітім» (My Little Old Boy) бағдарламасының кезекті шығарылымы Алматыда түсірілді. Миллиондаған аудиториясы бар бұл шоу Оңтүстік Кореяның SBS телеарнасынан апта сайын эфирге шығады, деп хабарлайды 01info.kz Алматы қаласы әкімдігі сайтына сілтеме жасап.
Түсірілімге Корея киноиндустриясының жарық жұлдыздары — Пэ Чон Нам, Ли Сон Мин, Ким Сон Гюн және Ким Чон Су қатысты. Корейлік қонақтар Алматының ең көрнекті жерлерін аралап, қаланың қонақжайлылығына куә болды:
-
Медеу мен Шымбұлақ — биік таулы спорт кешені мен курорттың сәулеті;
-
Көктөбе — қаланың панорамалық көрінісі;
-
Көк базар — қазақы дәм мен шығыс колориті;
-
Көлсай көлдері — тау қойнауындағы таза табиғат.
Жобаның режиссер-операторы Алматының табиғатын Оңтүстік Кореямен салыстыра отырып, өз таңданысын жасырмады:
«Алматының кең тынысты табиғаты бізді таңғалдырды. Мұнда қала өмірі мен тау сілемдері бір-бірімен өте шебер үйлескен. Кореямен салыстырғанда мұндағы кеңістік әлдеқайда ауқымды және табиғи қалпы жақсы сақталған», — деп атап өтті ол.
Алматыға арналған арнайы шығарылым 2026 жылдың ақпан айының басында SBS телеарнасынан көрсетіледі. Бұл халықаралық жоба шетелдік саяхатшылардың, әсіресе корейлік туристердің Қазақстанға деген қызығушылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Түсірілім жұмыстарына Almaty Tourism Bureau командасы толықтай қолдау көрсетіп, логистикалық және ұйымдастыру мәселелерін тиімді шешіп берді. Бұл қадам Алматының әлемдік деңгейдегі кино және тревел-шоулар үшін қолайлы мекен екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.