01info.kz- ақпараттық портал

Енді бәрі смартфонда:Қазақстандықтарды медициналық «цифрлық төңкеріс» күтіп тұр

фото: Ашық дереккөзден алынды
0 36

Қазақстанда медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында денсаулық сақтау жүйесін ауқымды цифрлық трансформациялау басталды. Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде саланы цифрландырудың нақты басымдықтары айқындалды,деп хабарлайды 01info.kz.  

Дәрігерлерге — еркіндік, пациенттерге — ашықтық

Цифрландырудың басты мақсаты — дәрігерлерді қағазбастылықтан арылтып, олардың негізгі уақытын пациентті емдеуге бағыттау. Ал азаматтар үшін медициналық қызметтер барынша түсінікті әрі қолжетімді болмақ. Енді әрбір қазақстандық «деректерді пациенттің өзі бақылайды» қағидаты бойынша өз денсаулық паспортына, емдеу тарихы мен тағайындалған дәрі-дәрмектер тізіміне цифрлық форматта қол жеткізе алады.

Smart Data Healthcare: Біртұтас деректер қоймасы

Саладағы барлық ақпараттық жүйелер шоғырландырылып, Smart Data Healthcare — медициналық деректердің бірыңғай қоймасына біріктіріледі. Бұл платформа мемлекеттік және жекеменшік клиникалардың мәліметтерін тоғыстырып, жасанды интеллект көмегімен кешенді талдау жасауға, ауруларды болжауға және дұрыс басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Барлық қызметтер QazTech платформасында орналасып, eGov жүйесімен тығыз интеграцияланады.

Жалған қабылдаулармен күрес: FaceID және биометрия

Медицинадағы деректердің шынайылығын қамтамасыз ету үшін цифрлық бақылау күшейтіледі. Енді пациенттің емханаға нақты келгенін растау үшін faceID тетіктері мен биометриялық сәйкестендіру қолданылады. Бұл медициналық қызметтердің бұрмалануына жол бермей, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қатаң қадағалауға көмектеседі.

«Әлеуметтік әмиян» және дәрі-дәрмек ваучерлері

Өткен жылдан бастап сәтті жүзеге асып жатқан «Әлеуметтік әмиян» жобасының аясы кеңеймек. Бүгінде 13,9 миллионнан астам рецепт осы жүйе арқылы рәсімделген. Биыл бұл тәжірибе жекеменшік дәріханаларға да енгізіліп, азаматтарға тегін дәрі-дәрмек алуды жеңілдетеді. Бұдан бөлек, медициналық қызметтерге арналған арнайы ваучерлер жүйесі енгізіледі, бұл емделу процесін ашық әрі ыңғайлы етеді.

Цифрлық шешімдер кезең-кезеңмен енгізіліп, денсаулық сақтау жүйесіндегі кезек пен артық анықтамалар мәселесін толық шешуді көздейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.