01info.kz- ақпараттық портал

Қаңтардағы ҰБТ басталды: 187 мыңға жуық талапкер бақ сынайды

фото: ҒЖБМ сайты
0 5

Бүгін елімізде 10 ақпанға дейін жалғасатын қаңтар айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу ресми түрде басталды,деп хабарлайды 01info.kz  ҒЖБ министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл сынақ тапсыруға ниет білдіргендер саны өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға артып, жалпы 187 мыңға жуық адамды құрады. Талапкерлердің басым бөлігі, атап айтқанда 75,2%-ы тестті қазақ тілінде тапсыруды жөн көрсе, 24,6%-ы орыс тілін, ал 189 қатысушы ағылшын тілін таңдаған.

Биылғы тестілеуде ең көп таңдалған пәндер комбинациясы — «Математика-Физика» (19,2%), бұл техникалық және инженерлік мамандықтарға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Одан кейінгі орындарда медицина бағытын таңдағандар үшін «Биология-Химия» (16,9%) және шығармашылық сала мамандары үшін «Шығармашылық емтихан» (9,7%) пәндері тұр. Тест тапсырушыларға ыңғайлы болу үшін калькулятор, Менделеев кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі компьютерлік бағдарламаның ішінде қолжетімді етілген.

2026 жылы ҰБТ форматы мен ең жоғары балл (140) өзгеріссіз қалады: талапкерлер 3 міндетті және 2 таңдау пәні бойынша жалпы 120 сұраққа жауап береді. Тестілеуге 4 сағат (240 минут) уақыт беріледі, ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут қарастырылған. Қаңтар айындағы сынақ негізінен жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсуді жоспарлаған мектеп түлектері, колледж бітірушілер және басқа да санаттағы үміткерлерге арналған. Тест нәтижесімен келіспеген жағдайда, талапкерлер сынақ аяқталған соң 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.