01info.kz- ақпараттық портал

СҚО ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНА 30 ЖЫЛ

0 85

Алтынай Сыздықова,

СҚО ҚХА Журналистер клубының мүшесі,
И.Шухов атындағы ОҚК қызметкері:

 

Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси, әлеуметтік және мәдени өмірінде маңызды рөл атқарады. Осы уақыт ішінде көптеген жетістіктерге жеткен Ассамблея институты алдағы уақытта да өз миссиясын жалғастыра отырып, Қазақстанның бейбіт және жарқын болашағына үлес қоса бермек.

Мен облыстық Қазақстан халық Ассамблеясының құрамында жұмыс жасауым Тимирязев ауданынан бастау алды. Онда мен көптеген іс-шараларды ұйымдастыруға көмек беріп, этносаралық бірлікті нығайтуға, бейбітшілік пен келісім мәдениетін ілгерілетуге, мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған бірқатар жұмыстарға атсалыстым. Осы 30 жыл ішінде көптеген жобалар мен бастамалардың қолдау білдіріп, түрлі этностардың дәстүрлері мен мәдени ерекшеліктерін насихаттау жұмыстарына белсенді қатысуға дайын екенімді жеткізгім келеді.

Жалпы, мен үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін белсенді атқаруға қатысу — қоғамдық өмірге өз үлесімді қосу мүмкіндігі ғана емес, сондай-ақ өскелең ұрпаққа, әсіресе өзімнің тәтті немерелеріме ауыз толтырып айтып бере алатындай маңызды миссия деп санаймын.

Бұл жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы көптеген әлеуметтік және қоғамдық жобаларды іске асырып, еліміздегі көптеген этностардың тең құқылы өмір сүруіне жағдай жасады. Мәселен, этнос өкілдері үшін мәдениет күндерін өткізу, тіл үйрету курстарын жүргізу және этносаралық қатынастарды дамыту бағытындағы көптеген бастамалар мен жалпы этносаралық сала аясындағы біршама өзекті мәселелерді шешуге бағытталған арнайы жобалар күнделікті іске асып келеді. Өз тарапымнан ҚХА-ның «Жүректен жүрекке» қайырымдылық жобасына қатыстым. Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек деп ойлаймын. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Себебі бірлік пен келісім — біздің юасты байлығымыз. Бірлік бар жерде ғана тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек. Бейбіт өмірдің маңызын бірі білсе, бірі білмес.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін, оқырмандарға қазақ тілді әдебиеттерге сұранысты арттыру, өскелең ұрпақты зияткерлік-рухани даму іс-шараларын өткізу, өзара құрмет пен ынтымақтастық атмосферасын құруға ұмтылатын жастарды тарту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында 2021 жылғы қыркүйек айында И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхана жанынан ересектерге арналған жаңа «Sana» әдеби-музыкалық клубы ашылған болатын. Клубтық бағдарламаның сәтті жүзеге асуы қоғамда мемлекеттік тілді кеңінен насихаттауға, рухани және интеллектуалдық деңгейінің артуына, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтауға, бірлік пен келісімді нығайтуға ықпал етеді.

Облыстық Журналистер клубының мүшесі ретінде, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында осы қоғамдық клубтың өте белсенді жұмыс жасағандығын ерекше атап өткім келеді. Негізгі міндетіміз – журналистикалық этика принциптерін сақтай отырып, этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті сақтауға, патриотизм мен рухани-мәдени тұтастықты нығайтуға бағытталған материалдардың БАҚ беттерінде жариялануын қамтамасыз ету, сондай-ақ жалпыұлттық идеялар мен рухани-өнегелік құндылықтарды насихаттайтын позитивті ақпараттық материалдарды тарату.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде бұл бағыттағы еңбек жолым 30 жыл бұрын басталғанын да айтып өткім келеді. Осы уақыт ішінде Ассамблея менің өмірімде маңызды орын алады. ҚХА-ның маңызды бірлік пен келісімді сақтау миссиясы мені ерекше қызықтырды. ҚХА мүшесі ретінде атқаратын міндеттер маған тек қоғамдық жауапкершілікті ғана емес, еліміздің болашағы үшін маңызды істің бір бөлігі болуға мүмкіндік берді. Себебі мен СҚО-дағы бірқатар маңызды жобаларға қатыстым. Мәселен, ҚХА аясында ұйымдастырылған қазақ тілін үйрету курстарына қатысып, өз тәжірибеммен бөлістім.

30 жылдық қызметім маған тек кәсіби тәжірибе ғана емес, еліміздегі барлық этнос өкілдерімен тіл табысып, қоғам арасында бейбітшілік пен келісім құндылықтарын тереңінен түсінуге мүмкіндік берді. СҚО ҚХА аясында атқарған жұмыстарым өмірімнің бір бөлігі бола отырып, мені жаңа бастамалар мен жетістіктерге ынталандырады.

Бізбен тығыз жұмыс жасап отырған облыстық «Қоғамдық келісім» КММ мен СҚО әкімдігі ішкі саясат басқармасы да этносаралық қатыстарды сақтау және қоғамдық келісімді нығайту бағытында көптеген маңызды жобаларды жүзеге асырып, өз жұмыстары аясында ел дамуына елеулі үлес қосып отыр. Орасан зор жұмыстарының бірі ретінде, ҚХА Журналистер клубының қызметін көрсету мақсатында «Солтүстік Қазақстан», «Қызылжар нұры», «Северный Казахстан» секілді басылымдардың беттерінде мемлекеттік тілді насихаттау, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған облыстық іс-шаралар нәтижесінде 30-дан астам мақала жарияланды.

Осы сәтті пайдалана отырып, өмірімдегі ең маңызды да, бақытты сәттерімнің бірімен бөлісуді жөн көрдім. 2025 жылғы сәуірде Астана қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік пен келісімге 30 жыл» XXXIV сессиясына қатыстым. Президентіміз бірлік пен тұрақтылықты сақтау туралы келелі ой айтып, еліміздің дамуында этностар арасындағы татулықтың қаншалықты маңызды екенін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, бірлік күніне орай Достық үйінде өткен жиында ҚХА-ның белсенді мүшелеріне арнайы табыс етілген «Қазақстан халқы Ассамблеясына — 30 жыл» мерейтойлық медаліне ие болдым. Осыған орай, қуанышыммен тағы бір мәрте бөліскім келеді. Еңбегімді елеп, жұмыстарымды бағалап, қызметіме ерекше назар аударған құзырлы азаматтарға алғысымды білдіремін. Ең бастысы-мені қоршаған ортада үнемі жақсы адамдар көмектеседі. Әрине, алдағы уақытта өзара құрмет пен ынтымақтастық атмосферасын құру жолында қажырлы еңбек етуді жалғастыратын боламын.      

Өз кезегінде, Ассамблея да  болашақта Қазақстанның көпэтносты қоғам ретінде мәдени және әлеуметтік дамуына ықпал ете отырып, еліміздің бар байлығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде маңызды қызмет атқара беретініне де сенемін. Баршаңызға бейбітшілік пен тұрақтылық, жарқын болашақ және мықты денсаулық тілеймін. Қолымыздағы құндылықтарды бағалай білейік, ағайын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.