Астанадағы көлік инфрақұрылымының ең ірі жобаларының бірі — жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесін іске қосу бағытында маңызды қадам жасалды. City Transportation Systems (CTS) компаниясы LRT жобасы үшін мамандарды іріктеуді және кадр резервін жасақтауды ресми түрде бастады, деп хабарлайды 01info.kz
Қазіргі уақытта CTS компаниясы түрлі бағыттар бойынша бос жұмыс орындарына үміткерлерден өтінім қабылдауда. Жұмысқа қабылдау процесі тек іріктеумен шектелмей, болашақ мамандарды арнайы даярлауды да қамтиды.
Бос жұмыс орындарының негізгі бағыттары: LRT жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін компанияға ғимараттар мен күзет аймағын күтіп ұстау, еңбек қауіпсіздігі, мүлікті басқару және кешенді басқару бөлімдеріне менеджерлер мен инспекторлар қажет. Сонымен қатар, техникалық бағытта жылжымалы құрамды жөндеу слесарлары, пойыз бригадалары (машинистер), байланыс және дабыл жүйесінің шеберлері, энергетиктер мен жол монтерлеріне сұраныс жоғары.
Үміткерлерге қойылатын талаптар: Болашақ қызметкерлердің көлік, машина жасау, инженерлік немесе электрлі техника бағытында жоғары немесе арнаулы орта білімі болуы шарт. Сондай-ақ, таңдалған мамандық бойынша 1 жылдан 3 жылға дейінгі еңбек өтілі талап етіледі.
Ұсынылатын мүмкіндіктер: Жұмыс беруші тарапынан қызметкерлерге толық әлеуметтік пакет пен ҚР Еңбек кодексіне сай ресми жұмысқа орналасу кепілдігі беріледі. Басты артықшылықтардың бірі — компания есебінен тегін оқыту мүмкіндігі. Астана қаласында өтетін кәсіби даярлау курстары 4 айға дейін созылады және барлық шығындарды жұмыс беруші өтейді.
Қызығушылық танытқан азаматтар өз түйіндемелерін CTS-тің https://cts.gov.kz/company/vacancy/ ресми сайты арқылы жолдай алады. Қосымша мәлімет алу үшін +7 (7172) 577 177 (ішкі 102, 207) нөміріне хабарласуға болады.
Бұл бастама елорданың көлік жүйесін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, жүздеген маманның заманауи технологиялармен жұмыс істеуіне жол ашпақ.