Әлемге әйгілі голливудтық актер, Оскар сыйлығының иегері Томми Ли Джонстың отбасында ауыр қаза орын алды, деп хабарлайды 01info.kz. kinonews.ru сайтына сілтеме жасап.
Актердің 34 жастағы қызы Виктория Джонс Жаңа жыл түні Сан-Францискодағы қонақүйлердің бірінде өлі күйінде табылды.
Америкалық TMZ және Page Six басылымдарының хабарлауынша, 1 қаңтар күні таңғы сағат 03:14 шамасында Сан-Франциско полициясына «Fairmont» қонақүйінен шұғыл шақырту түскен. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері ес-түссіз жатқан әйелдің қайтыс болғанын растады. Кейінірек оның тұлғасы анықталып, марқұмның Виктория Джонс екені белгілі болды.
Қалалық өрт сөндіру қызметінің өкілі хабарлағандай, мамандар келгенге дейін Викторияның қасында болған жақындары оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жүрегіне реанимация жасауға тырысқан. Алайда, құтқару мүмкін болмаған.
Виктория Джонстың өліміне не себеп болғаны белгісіз. Полиция мен медициналық сарапшылар тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әзірге Томми Ли Джонстың өзі немесе оның ресми өкілдері бұл қайғылы жағдайға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Виктория — Томми Ли Джонс пен оның бірінші жары Кимберли Клофлидің қызы. Ол әкесінің жолын қуып, кино өнеріне де қадам басқан болатын. Танымал «Қара киімділер 2» (Men in Black II) фильмінде әкесімен бірге түскен. «Холм одного дерева» (One Tree Hill) телесериалында да ойнаған.
Соңғы жылдары ол көпшілік назарынан тыс, оқшау өмір сүрген.