01info.kz- ақпараттық портал

Наркозбен емдеу: Денсаулық сақтау министрінің балалар стоматологиясына қатысты дабылы

фото: Ашық дереккөз
0 19

Соңғы уақытта жеке стоматологиялық клиникаларда балалардың бірнеше тісін жалпы наркозбен бір мезетте емдеуге қатысты шағымдардың көбеюіне байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ведомствоның ұстанымын түсіндірді, деп хабарлайды 01info.kz министрдің Instagram желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, балаларды жалпы анестезиямен емдеу – қатаң медициналық көрсетілімдер бойынша ғана жүргізілуі тиіс күрделі медициналық емшара.

«Клиника жеке болсын, мемлекеттік болсын, мұндай манипуляциялар үшін білікті анестезиологтың қатысуы, тиісті жабдықтардың болуы, анестезиологиялық және реаниматологиялық көмек стандарттарын сақтау талап етіледі», – деді Ақмарал Әлназарова.

Министрлік бүкіл ел бойынша 622 стоматологиялық ұйымға қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бүгінгі таңда 290 тексеру тіркеліп, оның 135-і аяқталған.

Маңызды ескерту:

Министр жалпы анестезияның «ыңғайлы опция» емес, ерекше сақтықты талап ететін күрделі араласу екенін баса айтты.

«Ұзақ наркоз және ауқымды бір мезгілде емдеу баланың жүрек-қантамыр, тыныс алу және жүйке жүйесі тарапынан асқыну қаупін арттыруы мүмкін. Жекелеген клиникалардың «барлық тісті бір ретте емдеп береміз» деген коммерциялық ұсынысы тек нақты медициналық көрсеткіштер болған жағдайда ғана орынды», – деп ескертті ол.

Министр ата-аналарды ерекше мұқият болуға және процедураларға келісім бермес бұрын тәуекелдер, көрсеткіштер және жүргізу шарттары туралы толық ақпарат алуға шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.