01info.kz- ақпараттық портал

10 секундтық видеоларымен танылған Димаш қалай миллион тапты?

0 23

Астаналық 15 жасар Димаш үшін смартфон – жай құрал емес, шығармашылыққа жол ашқан шынайы мүмкіндік. Ол алғашқы миллионын дәл осы қарапайым телефонның көмегімен таптым дейді. Ал әлеуметтік желілерде ол «10 секундта видеоны қалай монтаждадым?» деген қысқа роликтерімен танылып, жастар арасында ерекше қызығушылық тудырды.

Димаш мобилография әлеміне бір жарым жыл бұрын қадам басқан. Қыран Талапбектің курсынан басталыпты. Бағасы – 180 мың теңге. Жасөспірім үшін үлкен қаражат. Бірақ ол бұл қадамды тәуекел емес, өзіне жасаған инвестиция ретінде қабылдаған.

«Сол 180 мыңды үш айда-ақ ақтап алдым», – дейді ол сеніммен.

Қазір Димаш 10-сыныпта оқиды. Сабақ пен шығармашылықты қатар алып жүр. Оның күнделікті кестесі – түрлі жобалардың түсірілімдері, брендтік роликтер, әлеуметтік желіге арналған контенттер. Бос уақыт тапса, жаңа техникалармен тәжірибе жасап, монтаждың жаңа тәсілдерін үйреніп, қазақша сапалы контенттің өркендеуіне өз үлесін қосып жүр.

Жасы 15-те болғанымен, қаржылық сауаттылығы талай ересектерге үлгі боларлық. — Тапқан табысын үш бөлікке бөліп қоямын. Инвестиция, білім, ата-анама көмектесу.
Еңбекпен келген ақшаның қадірі үлкен. Сол себепті әр теңгемді ойланып жұмсаймын», – дейді жас мобилограф.

Димаштың камера алдындағы емес, камера артындағы еңбегі – тәртіп, ынта және ізденістің үйлесімінен туған нәтиже. Ол смартфон арқылы тек видео түсіріп қана қоймай, сапаға деген талғамды, еңбектің құнын және жаңа буынның көзқарасын көрсетіп отыр.

Әлеуметтік желінің тасасында жүрген таланттың еңбегі – бүгінгі жастардың жаңа мүмкіндіктер дәуіріне бейім екенін дәлелдейтін айқын мысал.

Leave A Reply

Your email address will not be published.